Литва азаматтарын Израильден эвакуациялау басталды

Фото: Анадолы

АСТАНА.KAZINFORM —  2025 жылғы 17 маусым күні Израильдің Тель-Авив қаласында Литва азаматтарын эвакуациялау басталды, деп хабарлайды Анадолы

Балтық елдерінің азаматтары Израильден Иорданияға үш автобуспен жеткізіліп жатыр. Бұдан кейін олар азаматтық ұшақтармен Вильнюс қаласына ұшырылмақ.

– Біз көрші елдерге де көмектесуді ұсындық. Автобуста әлі бос орындар бар, сондықтан бүкіл рейс толады деп үміттенеміз, – деді Ұлттық дағдарысты басқару орталығының басшысы Вилмантас Виткаускас.

Оның айтуынша, түстен кейін барлық жолаушы шекарадағы өткізу бекетіне жетеді деп күтілуде.

Мәліметке сәйкес, Израильден эвакуацияға 100-ден астам адам тіркелген, олардың басым бөлігі — Литва азаматтары. Ираннан эвакуациялауға қатысты өтініштер түспеген.

13 маусымда Израиль Иран Республикасының түрлі қалаларында орналасқан ядролық нысандар мен әскери басшылық өкілдерінің орналасқан орындарына ауқымды әуе соққыларын жасады.

Шабуылдар салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы, бірнеше жоғары шенді әскери қызметкер және ядролық зерттеулер саласындағы 9 маман қаза тапты. Бейбіт тұрғындар арасындағы жалпы адам шығыны 224 адамға жеткен.

Жауап ретінде Иран Израиль аумағына баллистикалық зымырандармен соққы жасады. Ресми деректерге сәйкес, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астамы жарақат алды.

Оқиғаға байланысты Түркия да қоса алғанда, бірқатар елдер Израильдің әрекетін қатаң айыптады. 

Айта кетелік Қытай Израильдегі азаматтарын елден кетуге шақырған еді