Литва-Беларусь шекарасынан мигранттардың тағы бір жерасты туннелі табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Литваның шекарашылары Беларусьпен арадағы мемлекеттік шекара астынан заңсыз өтуге арналған болуы мүмкін тағы бір жерасты туннелін анықтады. Бұл осы жылдың басынан бері тіркелген осындай он екінші жағдай, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: Pen News

LRT телерадиокомпаниясының мәліметінше, туннель Друскининкай муниципалитетіне қарасты Латежерис ауылының маңынан табылған. Жерасты өткелін Польша берген арнайы жабдықтың көмегімен анықтау мүмкін болған.

Шекара қызметінің мәліметінше, туннель шамамен 1,5 метр тереңдікте қазылған. Оның қабырғалары бөрене мен тақтайлар арқылы бекітілгенімен, құрылыс толық аяқталмаған.

Беларусь жағындағы кіреберісі арнайы бүркемелеу матасымен жасырылған. Туннель мемлекеттік шекара сызығынан Литва аумағына қарай шамамен төрт метрге дейін созылған, алайда Литва жағындағы шығаберіс әлі жасалмаған.

Литва билігінің пікірінше, мұндай жерасты өткелдері мигранттарды шекара арқылы заңсыз өткізу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Туннель анықталғаннан кейін мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша тергеу басталды. Литва заңнамасына сәйкес, мұндай қылмыс үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Испанияда марокколық есірткі картеліне тиесілі жерасты туннелінің табылғаны хабарланған.