Литва, Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы минаға тыйым салу конвенциясынан шықты

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Литва, Латвия мен Эстония Біріккен Ұлттар Ұйымын жаяу әскерге қарсы минаға тыйым салу туралы Оттава конвенциясынан шығатынын мәлім етті, деп хабарлайды Синьхуа.

Балтық жағалауының үш елі бұл әрекетті қауіпсіздікпен байланыстырып отыр.

Литва мемлекетінің сыртқы істер министрі Кястутис Будрис бұл туралы жұма күні Х платформасында мәлім етті.

- Бүгін Литва БҰҰ Бас хатшысына Оттава конвенциясынан шығатынын ресми түрде хабарлады. Бұл оңай қабылдана салған шешім емес, - деді К.Будрис.

Латвия сыртқы істер министрі өз елінің конвенцияға қосылғалы бері өңірдегі қауіпсіздіктің айтарлықтай өзгергенін мәлім етті.

- Оттава конвенциясынан шығу Латвияға мемлекет пен оның тұрғындарын қорғауда еркін әрекет етуге мүмкіндік береді, - делінген сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

- Оттава келісімен шыға отырып, Эстонияның қорғаныс саласы қарулану мен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қажетті әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануға мүмкіндік алады,- деді Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкна.

Жаяу әскерге қарсы мина қолдануға тыйым салу конвенциясына 1997 жылы қол қойылып, 1999 жылы күшіне енді. Литва, Эстония мен Латвия оған 2003, 2004 және 2005 жылдары қосылды.

Кейінгі үш айда Балтық жағалауының үш елі конвенциядан шығуды жеңілдету үшін ішкі заңнамалық процедуралар жүргізген.

Еуропалық БАҚ өкілдерінің жазуынша, конвенциядан сондай-ақ Польша мен Финляндия да шығу процедураларын бастаған.

Заң талаптары бойынша, конвенциядан шығу әр ел БҰҰ Бас хатшысын ресми түрде хабардар еткеннен кейін 6 айдан соң күшіне енеді.

Осыған дейін Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығатыны туралы жаздық.