Литва президенті мінген ұшақ дронның кесірінен дер кезінде қона алмай қалды
АСТАНА.KAZINFORM - Литва президенті Гитанас Науседа мінген ұшақ Вильнюске бірден қона алмады. Әлдебір дрон туралы ақпаратқа байланысты ол айналып ұшып, қауіпсіз қону сәтін күтуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
2 қыркүйек күні кешке Вильнюс әуежайының қауіпсіздік қызметі Air Navigation компаниясына Лепкальнис ауданында күдікті дрон байқалғаны туралы хабарлады. Осыған байланысты әуежайда ұшу-қону уақытша тоқтатылды. Дронның қауіпсіз екені белгілі болған соң, әуе қозғалысы қайта жанданды, деп жазады жергілікті БАҚ.
«Көлік және коммуникация министрлігінің соңғы ақпаратына сәйкес, дрон жарнамалық мақсатта көтерілген, бірақ белгіленген талаптар орындалмаған. Қазір тиісті қызметтер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Соңғы ақпарат түскенде, бұл туралы жұртшылық хабардар болады. Әуе қозғалысы саласында қауіпсіздік ережелері қатаң қадағаланады, сондықтан министрлік жақын арада әуежай өкілдерін шақырады. Олар қауіпсіздік шараларын және болашаққа арналған жоспарларды бағалайды, нені жақсарту керектігін анықтайды», - делінген хабарламада.
Delfi мәліметінше, 3 қыркүйекке қараған түні президент Хельсинкиден ұшып келіп, Еуропа чемпионаты аясындағы Литва баскетбол құрамасының ойынын тамашалаған, сонымен қатар ресми кездесулер өткізген.
Осыған дейін Францияда өрт сөндіруші тікұшақтың тоғанға құлағаны туралы жаздық.