Литвада Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер табылды

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қызметкерлері Литва Республикасында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты деректер анықталды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, анықталған құжаттар қатарында 1975 жылы Вильнюс қаласында өткен Қазақ киносының күндеріне байланысты, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы делегациясының Литваға сапары, Қазақ КСР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Сұлтан Қожықовтың литвалықтармен кездесулері туралы деректі материалдар бар.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сондай-ақ бұрынғы Көкшетау облысындағы тың игеру жұмыстарына литвалық мамандардың қатысқаны туралы да құнды мәліметтер табылды. Атап айтқанда, олардың мектеп жанындағы лагерьлерде, медицина пункттерінде, құрылыс саласында еңбек еткені және қазақ халқының салт-дәстүрімен танысқаны жөніндегі құнды деректер кездеседі.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Зерттеу жұмыстарын ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева жүргізіп, Вильнюс, Каунас және Клайпеда қалаларындағы Орталық мемлекеттік архивтерінде болды.

Сапар барысында аймақтық архив басшыларымен кездесулер өтіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі

- Нәтижесінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ және литвалық әйелдердің бейнесіне арналған фотокөрме ұйымдастыру жөнінде келісім жасалды, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Алматыда Қытай мен Қазақстанның мәдениет жәрмеңкесі өткені туралы хабарладық.