«Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесіп, «ŽARA» баспасында басылған тоғызқұмалақ туралы литва тіліндегі алғашқы әдістемелік құралды ұсынды. Оқу құралы мен ойынның тұсаукесері Вильнюстегі «Мектеп 2019» IX білім беру және инновациялық көрмесінің аясында өтті», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінен.
Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшісі Виктор Темірбаев атап өткендей, бұл зияткерлік ойын Балтық жағалауында танымал бола бастады. Оны ҚР елшілігі 2018 жылы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясымен бірге Латвияда енгізді. Ал 2019 жылы Латвия ойыншылары Ыстанбұлда өткен Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына қатысты.
Қазақтың ұлттық ойынымен танысу Литвада 2019 жылы өтті және көктемде Литва мектептерінің оқушылары арасында тоғызқұмалақтан алғашқы жарыс өтті.
Қазақстандық дипломаттың айтуынша, оқу құралының электрондық нұсқасы Елшіліктің сайтында қолжетімді.
«Литва тіліндегі нұсқаулық 2020 жылы атап өтілетін қазақтың ұлы ойшылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында шығарылды. Абайдың осы стратегиялық ойынның шебері саналғаны белгілі. Келесі жылдың қаңтарында елшілік Абайдың 175 жылдығына арнап Вильнюста тоғызқұмалақтан кезекті жарысты өткізуді жоспарлап отыр», - делінген СІМ ақпаратында.