Литваның алғаш рет екінші мерзімге сайланған Президенті ант берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Литваның саяси тарихында екінші мәрте 5 жылдық мерзімге қайта сайланған тұңғыш президент Даля Грибаускайте ел Парламенті алдында Мемлекет басшысы ретінде ант берді, деп хабарлады 24.kz телеарнасы.

Ол Сеймнің мінбесінде тұрып: «Литваға төнген әскери қауіп бізді бұрынғыдан да біріктіре түсті, мен Литва жерінің тұтастығын сақтауға тағы да ант етемін!» - деді. Грибаускайте өзін ұлықтау рәсімінде қорғаныс саласынан басқа, жемқорлықпен күрес мәселесіне де айрықша назар аударды. Ол «біздің міндетіміз - құрту емес - жасампаздық, алдау емес - сендіру, зиян келтіру емес - көмек беру, пайдалану емес - өз үлесін қосу», - деп мәлімдеді.