Литваның ана және бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі дағдарыстарды зерттеу орталығына отандық мамандарды жіберу жоспарлануда

АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Литва Республикасының Білім министрі Гинтарас Стяпонавичюс бастаған делегациямен кездесіп, медициналық білім саласындағы ынтымақтастық, қазақстандық студенттерді Литваның жоғары оқу орындарында оқыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені атап көрсетілді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру медициналық қызмет көрсетудің шығыны аз түріне ауысуға, саланың профилактикалық бағытын қамтамасыз етуге, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін серпінді дамытуға жағдай жасайды.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнаулы әлеуметтік қызметтер енгізілуде, тұрғындарды өз денсаулығын сақтауға ынталандыруға, медициналық қызметкерлердің кәсіби және тұлғалық жағынан өсуіне, денсаулық сақтау жүйесін қазіргі заман талаптарына және нарықтық жағдайларға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі медициналық, фармацевтикалық білім беруді, медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізу болып табылады.

Қазақстандық медицина мамандарының біліктілігін көтеру бағытында нақты жұмыстар атқарылып, шетелдік орталықтарға жіберілуде. Литваның жетекші медициналық ұйымдары мен емханалары базасында мамандардың біліктіліктерін арттыруда оң серпін байқалады. 2007-2009 жылдары Каунас медициналық университетінде 200-ге тарта маман білім алса, 2010 жылы кардиология, анестезиология, реаниматология, акушерлік-гинекология және неонатологии саласының 69 маманы Литваның денсаулық ғылымы университетінде біліп алып қайтты.

Ағымдағы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі отандық мамандарды Литваның ана және бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі дағдарыстарды зерттеу орталығына жіберуді жоспарлап отыр.

Кездесу қорытындысында денсаулық сақтау саласындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту, атап айтқанда мамандардың біліктілігін арттыру, медициналық білім беруде қазіргі заманғы стандарттарды енгізу, сонымен қатар фармацевтикалық секторды дамыту мақсатында Қазақстанда қазіргі медициналық орталық базасында бірлескен жұмыс органын құру жөнінде келісімге келді.