Ливан Израильмен шекарада әскер санын 10 мыңға дейін көбейтпек
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль өзі бақылап отырған 5 ауданнан әскерін шығара сала Ливанның оңтүстік шекарасындағы әскер саны 10 мыңға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы республика президенті генерал Джозеф Аун мәлім етті, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
- Елдің оңтүстігінде Ливан армиясы мен БҰҰ бітімгершілік контингентінен басқа ешқандай да қарулы күштер болмайды, - деп мәлімдеді ол Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэммимен Баабда сарайында кездесуі барысында.
- Біздің әскеріміздің саны Литани өзенінен оңтүстікке қарай 10 мыңға дейін ұлғайтылады, - деді ол.
Президенттің баспасөз қызметінің Х әлеуметтік желісінде жазуынша, Аун Израильдің өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге кедергі келтіріп жатқанын айтқан.
- Замануи әскери технологиялар барда бес төбені оккупациялау ісі ешқандай да стратегиялық маңызға ие емес. Сол себепті біз Ұлыбритания мен өзге де державаларды Израильге қысым жасап, олардың әскерін шығаруға, Ливанға шабуылды тоқтатуға, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701 қарарының талаптарын орындауына ықпал етуге шақырып отырмыз, - деді саясаткер.
Президент Лондонның 2025 жылдың 31 тамызында бітетін БҰҰ уақытша күштері мандатының мерзімін ұзартуға қолдау көрсетеді деп үміттенетінін атап өтті.
- Қазіргі жағдай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701 қарары толық орындалғанға дейін бітімгерлік күштердің болуын қажет етеді, - деді ол.
Осыған дейін Израиль армиясы Ливанның оңтүстігін атқылағаны туралы жаздық.