Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздер қыркүйекке жоспарланды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың арағайындығымен Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің кезекті раунды қыркүйек айының басында Римде өтеді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі мәлімдеді, деп жазады БелТА .

Фото: Анадолы

— АҚШ-тың арағайындығымен Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздер келесі айдың басында Римде жалғасады. Келіссөздер оң бағытта жүріп жатыр, тараптардың ешқайсысы келісімді жүзеге асыру қарқынын бәсеңдетіп отырған жоқ, — деді америкалық шенеунік.

Оның айтуынша, тараптар саяси шектеулер мен ішкі қысымға тап болып отыр. Вашингтон бұл мәселелерді «жүйелі түрде реттеуге тырысып жатыр». АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі сондай-ақ шииттердің «Хезболла» қозғалысы келіссөздер үдерісін бұзуға тырысып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, әскери үйлестіру тобы алғашқы тәжірибелік аймақтарды құру жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұған дейін Al Mayadeen телеарнасы дипломатиялық дереккөзге сілтеме жасап, келіссөздердің келесі раунды күзден ерте өтпейтінін хабарлаған. Сондай-ақ қазіргі кезеңде екі ел арасында тікелей байланыс орнату қарастырылмаған.

Al Jazeera телеарнасының мәліметінше, 4-6 тамыз аралығында Римде өткен келіссөздердің жетінші раундының қорытындысы бойынша АҚШ пен Израиль Ливан ұсынған «пилоттық аймақтарды» кеңейту мәселесін қазір талқыламауға шешім қабылдаған. Бұл шешім келісілген екі аймақта ілгерілеушілікке қол жеткізілгенге дейін күшінде болады.

26 маусымда Ливан мен Израиль АҚШ-тың қамқорлығымен Вашингтонда өткен 5 келіссөз раундынан кейін негіздемелік келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, Ливан қарулы күштері ел аумағының толық бақылауын кезең-кезеңімен қалпына келтіруі тиіс.

Келісімде Израиль әскерлері шығарылатын «пилоттық аймақтарды» құру қарастырылған. Шілде айының соңында Ливан армиясы елдің оңтүстігіндегі алғашқы «пилоттық аймаққа» әскери күштерін орналастыра бастады.

Еске салайық, бұған дейін Израиль Ливандағы қауіпсіздік аймағынан әскерін шығармайтыны туралы жазған болатынбыз.