Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі келесі аптада өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың делдалдығымен өтетін келіссөздерге дайындық аясында Ливан мен Израиль арасындағы үшінші байланыс кезеңі келесі аптада Вашингтонда өтеді, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

Бұл жөнінде «Анадолу» агенттігіне жоғары лауазымды ливандық ресми дереккөз мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ғимаратында өтеді деп жоспарланған кездесулердің нақты күні әлі анықталған жоқ. Сондай-ақ тараптардың өкілдік деңгейі де белгісіз күйінде қалып отыр: байланыс елшілер деңгейінде жалғаса ма, әлде оған одан да жоғары лауазымды тұлғалар қатыса ма, бұл мәселе әлі шешілмеген.

Еске сала кетейік, 24 сәуірде АҚШ Ливан мен Израиль арасындағы бітімді тағы үш аптаға ұзартқан еді. Бұл туралы Дональд Трамп Truth Social желісінде хабарлаған.

Шешім Ақ үйде Израиль мен Ливанның жоғары лауазымды өкілдерімен өткен кездесуден кейін қабылданды.