Ливан мен Израиль Римде тікелей келіссөздердің жетінші кезеңін бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Ливан мен Израиль АҚШ-тың араағайындығымен Римде тікелей келіссөздердің жетінші раундын бастады. Тараптар бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселелерін талқылап жатыр, деп жазды Kazinform тілшісі.

Фото: ANSA

Кездесу Италия астанасындағы АҚШ елшілігінде өтіп жатыр және келіссөздер бейсенбіге дейін жалғасады деп күтілуде.

Ливанның NNА ақпарат агенттігінің мәліметінше, тараптар маусым айында Бейрут пен Тель-Авив арасында АҚШ-тың араласуымен жасалған негіздемелік келісімді іске асыру барысын талқылауды бастады.

Алдыңғы, алтыншы келіссөз раунды 14 маусымда Римде өткен болатын. Оған дейін тараптар Вашингтонда бес кездесу өткізген. Нәтижесінде 26 маусымда Израиль әскерін Ливан аумағынан кезең-кезеңімен шығару және оның орнына Ливан армиясы бөлімдерін орналастыру, сондай-ақ «Хезболла» қозғалысын қоса алғанда қарулы топтарды қарусыздандыруды көздейтін негіздемелік келісімге қол қойылды.

Келісімнің алғашқы кезеңінде оның талаптары жекелеген сынақ аймақтарында, яғни «пилоттық аумақтарда» жүзеге асырылады.

Алдыңғы келіссөздерден кейін Израиль әскері Завтар-эль-Гарбия елді мекенінің маңынан шығарылып, бұл аумаққа Ливан армиясының бөлімдері кірген.

Ливан премьер-министрі Науаф Салам бұған дейін Бейрут Израиль күштерінің ел аумағынан толық әрі кезең-кезеңімен шығарылуын талап етіп отырғанын мәлімдеген.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі қазіргі келіссөздер барысында тараптар пилоттық аймақтар тетігін кеңейту, шешілмеген шекара мәселелері және бейбітшілік пен қауіпсіздік саласында жан-жақты келісімге келу мүмкіндігін талқылайтынын айтты.

Келіссөздерге қарамастан, Ливанның оңтүстігінде жағдай әлі де шиеленісті күйде қалып отыр. Ливан тарапының мәліметінше, Израиль әскері бірқатар елді мекендерде ғимараттарды бұзу және нысандарды жару операцияларын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Ливан премьер-министрі Израиль әскерінің ел аумағынан шығарыла бастағанын мәлімдегенін жазған едік. Сонымен қатар Израиль Ливандағы қауіпсіздік аймағында әскери қатысуын сақтайтыны туралы хабарланды.

 Ал БҰҰ Бас хатшысы АҚШ, Израиль және Иранды қақтығысты тоқтатуға шақырды.