Ливан өз тарихындағы ең қауіпті кезеңдерді бастан кешіп жатыр – премьер-министр Микати

Фото: Фото: Ливан премьер-министрінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микати өз елінің «тарихындағы ең қауіпті кезеңдердің бірін» бастан өткеріп жатқанын айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымын Израильдің әуе шабуылы салдарынан баспанасыз қалған миллион адамға көмек көрсетуге шақырды.

Бұл туралы БҰҰ ұйымдары мен донор елдердің елшілерімен кездесу барысында айтылды. 

Ол сондай-ақ Ливан үкіметінің БҰҰ ұйымдарымен бірлесе отырып, қоныс аударған бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмектің жылдам жеткізілуін қамтамасыз ету үшін тиімді құрылым құрғанын атап өтті. 

«Біз бүгін Ливан өз тарихындағы ең қауіпті сәттердің бірін бастан өткеріп жатқан уақытта кездесіп отырмыз, өйткені Израильдің Ливандағы жойқын соғысы салдарынан миллионға жуық халқымыз босқынға айналды», - деді Микати кездесудің басында. 

Премьер-министр БҰҰ ұйымдары мен донор елдердің елшілеріне де үндеу жасады. 

«Біз қоныс аударған бейбіт тұрғындарға негізгі қолдау көрсету бойынша тұрақты күш-жігерімізді күшейту үшін көмекті арттыруға шақырамыз», - деді ол. 

Сейсенбіге қараған түні Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде «Хезболлаға» қарсы құрлық операциясын бастады.

Израиль Ливанның «Хезболла» шииттер қозғалысының бас хатшысы Хасан Насралланың көзін жоюға бірнеше рет оқталғанын жазған болатынбыз. Жұма күні жасалған соңғы қастандық кезінде Хасан Насралла Бейруттың оңтүстігіндегі жерасты штабында командирлерімен жиналыс өткізіп жатқан. Сол сәтте бункерге қарсы қолданылатын қуатты бомба діттеген жерге дәл түсіп, «Хезболла» көшбасшысы мерт болды.