Ливан өз жерінде Израиль әскерилерінің болуын оккупация деп атады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль келісім аясында Ливаннан барлық дерлік әскерін шығарды, бірақ бес позицияда қалдырды. Ливан мұны оккупация деп атады, деп хабарлайды ВВС.
Қараша айында Бейрутпен қол қойылған бітімгершілік келісімге сәйкес Израиль Ливан аумағынан толықтай шығуға міндеттеме алғанына қарамастан, Ливанның оңтүстігіндегі бес ауданда әскерін қалдыруды шешті.
Ливан қазірдің өзінде Израильдің өз жерінде кез келген әскердің болуын оккупация деп санайтынын мәлімдеуге асықты.
27 қарашада Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі күшіне енді.
Келісім аясында Израиль Ливанның оңтүстік бөлігіндегі әскерін 60 күн ішінде шығаруы тиіс еді. Кейіннен шекті мерзім 18 ақпанға дейін ұзартылды.
«Хезболла» да сол мерзім ішінде аймақты тастап, оның орнына Ливан әскері келуі керек еді.
ЦАХАЛ өкілі, подполковник Надав Шошани айтқандай, «Израиль солтүстік шекарасында тікелей қауіп жоқ екеніне сенімді болуы үшін» әзірге Ливандағы бекеттерінде қалады.
— Біз атысты тоқтату туралы келісімін ұстанамыз. Бұл жақсы процесс деп санаймыз, — деп қосты ол.
Соңғы бірнеше күнде Израиль Ливандағы елді мекендерден әскерлерін шығарды. Ливан сейсенбі күні таңертең елдің оңтүстігінде жаңа әскерін орналастыратынын жариялады.
ВВС атап өткендей, өткен аптада АҚШ ЦАХАЛ әскерилеріне Ливанның оңтүстігіндегі бес стратегиялық жерде қалуына рұқсат берді, бірақ олардың сонда қанша уақыт қалатыны әзірге белгісіз.
Израиль әскері солтүстік Израиль елді мекендері көрініп тұратын бірнеше позицияны анықтады.
Израиль Ливан үкіметін әскерін Литани өзенінің оңтүстігіне — Израиль де, «Хезболла» да кетуі тиіс аймаққа дұрыс орналастырмау арқылы атысты тоқтату келісімінің бір бөлігін орындамады деп айыптады.
Израиль әскерилері «Хезболла» Литани өзенінің арғы жағына толығымен шығып кетпегенше және Израильдің саяси басшылығы оған аймақты тастап кетуді бұйырмайынша өз орындарында ұзақ уақыт қалуға дайын екенін мәлімдеді, деп жазды The Times of Israel.
Ливан басшылары Израильдің бұл жоспарына наразылығын ашық түрде білдірді.
Ливан өз жерінде Израильдің кез келген болуын оккупация деп санайды және әскерді кетуге мәжбүрлеу үшін барлық құралды қолдануға құқылы, деп мәлімдеді дүйсенбі күні Ливан президентінің баспасөз хатшысы.
Ливан билігі сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Израильді тез арада аумақты тастап кетуге мәжбүрлеу үшін өтініш жолдайтынын уәде етті.
Ливан парламентінің спикері Набих Берри өткен бейсенбіде АҚШ оны Израильдің жоспары туралы хабардар еткенін, ол өз елі атынан бас тартқанын мәлімдеді.
— Мен әскерді шығару кезеңін ұзартудың қандай да бір мерзімі туралы айтудан бас тарттым. Әскерді шығару үшін жауапкершілік америкалықтардың мойнында, — деп келтірді Ливанның NNA ресми ақпарат агенттігі Берридің сөзін.
Ол егер Израиль Ливанның оңтүстігінде қалатын болса, бұл «израильдіктердің Ливанда қозғалыс еркіндігі мен агрессиясын қолданатынын білдіреді және бұл қабылданбайды» деп қосты.
Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстігіндегі шиит «Хезболла» содырлары қайта бас көтеруіне жол бермеу үшін бес позицияда қалады. ЦАХАЛ ол жерлерде қанша уақыт болатыны әзірге белгісіз.