Ливан парламенті өлім жазасын жоюды қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Ливан депутаттары қылмыстық жаза саласына қатысты заңнамалық өзгерістерді мақұлдады. Құқық қорғау ұйымдары бұл шешімді ел үшін тарихи қадам деп бағалап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: NNA

Ливан парламенті сейсенбі күні өлім жазасын жойып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен алмастыруды қолдады. Бұған дейін шығарылған өлім жазасы туралы барлық үкім де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады, деп хабарлайды Ливанның NNA агенттігі.

Заң жобасын 128 орындық парламент депутаттарының басым бөлігі қолдады. Оған шииттердің «Хезболла» қозғалысының парламенттік блогы қарсы шықты. Құжат заңда белгіленген бұдан кейінгі рәсімдерден, соның ішінде Ливан президенті Джозеф Аунның қол қоюынан өтуі тиіс.

Егер заң түпкілікті күшіне енсе, Ливан Таяу Шығыста өлім жазасын ресми түрде жойған алғашқы ел болады.

Іс жүзінде елде өлім жазасы 20 жылдан астам уақыт бойы орындалған жоқ. Соңғы өлім жазасы 2004 жылғы қаңтарда жүзеге асырылды. Алайда соттар бұдан кейін де кісі өлтіру, мемлекетке опасыздық жасау, тыңшылық, терроризм сипатындағы жекелеген қылмыстар және мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстар үшін ең жоғары жаза тағайындауды жалғастырды.

Ливанның әділет министрі Адель Нассар парламент шешімін «тарихи қадам» деп атады. Еуропалық одақ та өлім жазасының жойылуын құптап, Ливанның өңірдегі басқа мемлекеттерге маңызды үлгі көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

— 20 жылдан астам уақыт бойы өлім жазасы орындалмағаннан кейінгі бүгінгі қадам оны уақытша тоқтатудан өмір сүру құқығын тұрақты құқықтық қорғауға көшіреді, — деді Amnesty International ұйымының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша өңірлік директоры Хеба Морайеф.

Бұл шешім парламентте сотталғандардың бір бөлігіне қатысты жазаны қысқартуды немесе оларды босатуды қарастыратын кең ауқымды рақымшылық туралы жеке заң жобасы талқыланып жатқан кезде қабылданды.

БАҚ мәліметінше, бұл бастама, атап айтқанда, экстремистік топтардың шабуылынан қаза тапқан ливандық әскери қызметшілердің туыстары арасында пікірталас туғызды.

Бұған дейін сейсенбі күні Сирия соты елдің бұрынғы президенті Башар Асадты сырттай өлім жазасына кескені хабарланған болатын.