Ливан премьер-министрі: Израиль әскері ел аумағынан шығарыла бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Ливан билігі АҚШ-тың арағайындығымен қол жеткізілген келісім аясында Израиль әскерінің елдің оңтүстігінен шығарыла бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Фото: x.com/nawafsalam
Ливан премьер-министрі Науаф Салам сәрсенбі күні Израиль әскері шығарылғаннан кейін бір күн бұрын Ливан армиясының бөлімшелері кірген елдің оңтүстігіндегі Заутар әл-Ғарбия елді мекеніне барды.
Сапар барысында үкімет басшысы Ливанның мемлекеттік туын тігіп, бұл қадамды Израиль әскерінің шығарылуының басталуын білдіретін символ деп атады.
Ливан премьер-министрі сондай-ақ оңтүстік өңір тұрғындарын үкімет олардың үйлеріне қауіпсіз оралуы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдап жатқанына сендірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жолдарды тазалау, негізгі инфрақұрылымды қалпына келтіру және азат етілген аумақтарды миналардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Маусым айының соңында Ливан мен Израиль АҚШ-тың арағайындығымен шеңберлік келісімге қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекеннен кезең-кезеңімен шығарылады, ал бұрын «Хезболла» қозғалысы орналасқан аумақтарға Ливан армиясының бөлімшелері орналастырылады.
Келісімді іске асыру бірнеше елді мекенді қамтитын пилоттық аймақтан басталды. Заутар әл-Ғарбия Израиль күштері ішінара шығарылғаннан кейін Ливан армиясы кірген алғашқы қалалардың бірі болды. Ливан билігінің мәліметінше, әскери қызметкерлер тұрғындардың оралуына дейін аумақты миналардан тазарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына кірісті.
Сонымен қатар келісімді жүзеге асыру кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Ливан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль әскері елдің оңтүстігіндегі кейбір аудандарда әлі де орналасқан. Осыған байланысты Ливан армиясы қауіпсіздік шаралары толық аяқталғанға дейін тұрғындарды кейбір елді мекендерге оралмауға шақырды.
Бұған дейін Ливанға Қазақстанның бітімгерлік контингентінің құрамындағы 11 әскери қызметші барғаны хабарланған болатын. Өткен аптада олар Ливандағы БҰҰ Уақытша күштерінің (UNIFIL) базасында Қазақстанның мемлекеттік туын көтерді.