Бейрутта ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Ливан Республикасының Президенті Мишель Аунмен кездесті. Кездесу барысында Ливан мемлекетінің басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде Астанада өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технология жөніндегі бірінші саммиті жұмысына қатысуға шақыруы табыс етілді.
ҚР Президентінің арнайы өкілі Ливан Республикасының басшысын саммитке дайындық барысымен таныстырды. Сонымен қатар ол қазақстандық-ливандық қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен келешегі жайында айта келе, Бейруттың Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануына көрсеткен қолдауы үшін ризашылық білдірді.
Шақыруды қабыл алған Ливан Президенті М.Аун елордамызда өтетін ИЫҰ саммитіне қатысу мүмкіншілігін берген Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Ливан басшысының пайымынша, екі елдің өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға әлеуеті өте зор.
М.Аун Қазақстанның және оның Президенті Н.Назарбаевтың сириялық дағдарысты саяси реттеуде келіссөздер жүргізу үшін мүдделі тараптарға алаң ұсынудағы күш-жігерін жоғары бағалады. Сонымен қатар ол Астана процесі ұзақ жылдарға созылған жанжалдың аяқталуына сеп боларына үміт артатындығын білдірді.