Алайда тұрақсыз жағдай және негізгі қызметтердің қолжетімсіздігі елдегі дағдарыстың аяқталғанын білдірмейді.
Атысты тоқтату туралы келісім жарияланғанына қарамастан, өткен демалыс күндері Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған жаңа әуе соққылары халықтың қайта қоныс аударуына себеп болды. Жүздеген отбасы баспана іздеп елдің солтүстігіне кетуге мәжбүр болды.
БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасының мәліметінше, шамамен 360 мың адам әзірге үйлеріне орала алмай отыр. Олардың кемінде 22 мыңы уақытша орналастыру орталықтарында тұрып жатыр. Қалғандары туыстарының үйін паналауға немесе адам көп жиналған жалдамалы пәтерлерге орналасуға мәжбүр.
Жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр
Қақтығыстың шарықтау шегінде Ливанда ішкі қоныс аударғандар саны бір миллионнан асқан. Қазір қарулы қақтығыстың қарқыны бәсеңдегенімен, жалғасып жатқан әуе соққылары, қозғалысқа қойылған шектеу және жарылмай қалған оқ-дәрілер, әсіресе елдің оңтүстігі мен Бекаа аңғарында, тұрғындарға әлі де қауіп төндіріп отыр.
Көптеген отбасы қираған ғимараттар, үйінділер, елді мекендерге қауіпсіз жету мүмкіндігінің болмауы және инфрақұрылымға келтірілген елеулі залал салдарынан үйлеріне қайта алмай отыр. Кейбір аудандарда денсаулық сақтау, электр энергиясы және сумен жабдықтау жүйелері үзіліспен жұмыс істейді немесе толықтай істен шыққан.
Жаңа оқу жылының жақындауы да қосымша қиындық туғызып отыр. Көптеген уақытша орналастыру орталығы мемлекеттік мектептердің ғимараттарында орналасқан. Енді оқу процесін қайта бастау үшін бұл ғимараттарды босату қажет. Зардап шеккен аудандардың муниципалитеттері отбасыларға уақытша баспана беруге шақырып отыр. Бұл адамдардың қайта қоныс аударуына жол бермей, өз қауымдастықтарына жақын жерде қалуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар үйлеріне оралғандар мен әлі де қоныс аударғандар санатындағы адамдардың арасындағы шекара барған сайын бұлыңғыр болып келеді. Кейбір отбасылар жағдайды бағалау үшін туған елдімекендеріне қысқа мерзімге барып, содан кейін ғана толық оралу туралы шешім қабылдайды. Ал басқалары уақытша тұратын жері мен туған ауданы арасында қатынап жүр.
Ливан үкіметі қайтару және ерте қалпына келтіру жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірледі.
Бағдарлама аясында жарылмай қалған оқ-дәрілерді залалсыздандыру, үйінділерді тазарту, инфрақұрылымды жөндеу және тұрғын үйлерді қалпына келтіру қарастырылған.
Билік зардап шеккен тұрғындарға БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасы және басқа да гуманитарлық ұйымдардың қолдауымен уақытша баспана, қаржылай және психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
— Ливан әлі дағдарыстан кейінгі кезеңге өткен жоқ. Ел халықтың қоныс аударуына байланысты күрделі жағдаймен және адамдардың қауіпсіздігіне төнетін тұрақты қатермен бетпе-бет келіп отыр, — деді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасының өкілі Бабар Балох.
Қаржы тапшылығы
Гуманитарлық ұйымдар ресурстардың өткір тапшылығына тап болып отыр. Бұл олардың қоныс аударған адамдарға да, үйлеріне оралуға тырысып жатқан отбасыларға да көмек көрсету мүмкіндігін шектейді.
Ливанға көмек көрсету операцияларының қаржыландырылуы небәрі 48 пайыз. Ал БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасының 2026 жылы елдегі жұмысына қажетті қаражаттың тек 24 пайызы ғана бөлінген.
БҰҰ агенттігі халықаралық қауымдастықтың тұрақты қолдауынсыз қоныс аударған және үйлеріне оралған отбасылардың елеулі қиындықтарға тап бола беретінін ескертті. Ұзақ мерзімді шешімдерге қол жеткізу үшін гуманитарлық көмек көрсету, үйінділерді тазарту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және қауіпсіздік жағдайын жақсарту қажет.
Бұған дейін Ливан президенті Жозеф Аун елдің оңтүстігіне жасалған Израильдің жаңа өлімге әкелген соққылары екі мемлекет арасындағы бейбіт келіссөздерге қатысты «айқын белгі» болғанын мәлімдеген еді.
Айта кетелік Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздер қыркүйекке жоспарланды.