Израиль әскері 17 сәуірде күшіне енген және 17 мамырдан бастап тағы 45 күнге ұзартылған бітімге қарамастан, Ливан аумағына соққы жасауды жалғастырып отыр.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігі 2 наурыздан бері Израиль шабуылдарының салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны туралы жаңартылған мәлімет жариялады.
Министрлік дерегіне сәйкес, соңғы 24 сағат ішінде қаза тапқандар саны тағы 32 адамға көбейіп, жалпы саны 3 558 адамға жеткен. Сондай-ақ жараланғандар саны 10 870 адамды құрады.
4 маусымда Денсаулық сақтау министрлігі жасаған мәлімдемеде 2 наурыздан бері Израильдің Ливанға жасаған шабуылдары салдарынан 3 526 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль мен Ливан АҚШ-тың делдалдығымен атысты тоқтату туралы келісімге келгенін жаздық.
Алайда осы келісім жарияланғаннан кейін көп ұзамай Израиль Ливанға шабуылын қайта жалғастырды.