ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, дайындық Әскери медицина орталығында өтті. Екінші бітімгерлік ротаның әскери қызметшілері жаттығуларды Халықаралық Қызыл крест комитеті және Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамы мамандарының қадағалауымен жасады. Алғашқы теориялық лекциялар жарақаттар түрлеріне, олардың ауырлық деңгейін анықтауға, дәрігер келгенге дейінгі алғашқы жәрдем көмектеріне арналды.
Ал практикалық жаттығуларды орындау үшін жер сілкінісі, блокпостағы өрт, теракт секілді бірқатар жағдайлардың имитациясы жасалды.
«Оқу-жаттығулар бүкіл әлемде қолданылатын халықаралық стандарттар аясында жүргізілді. Бұл ретте, бітімгерлердің іс-әрекеттері алғашқы жәдел көмекті көрсету сапасымен ғана емес, олардың халықаралық стандарттарға сай болуымен де бағаланды. Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар берілді», - делінген министрлік ақпаратында.
Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамының өкілі Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазақстандық бітімгер полктың әскери қызметшілері бағдарлама курсын тиянақты меңгеріп, оларды іс жүзінде қолданудың жоғары деңгейін көрсетті.