Ливанның оңтүстігінде Израильдің әуе шабуылынан төрт адам қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM - Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Ливанның оңтүстігіндегі Израильдің әуе шабуылдары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы тілшісі.

Фото: LBCI_News

Дүйсенбіде Ливанның оңтүстігіндегі Набатия қаласының маңында көлікке жасалған Израиль дронының шабуылынан төрт адам қаза тапты. 

Бұл туралы Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрліктің мәліметінше, қаза тапқандардың арасында мектеп директоры Эсперанса Гандур, оның анасы, үй қызметкері және шетелдік жұмысшы бар.

Ливанның NNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Гандур шабуыл кезінде қираған Набатиядағы үйінің қалпына келтіру жұмыстарын тексеру үшін барып қайтып келе жатқан.

Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) оқиғаға түсінік бере отырып, Ливанның оңтүстігіндегі қауіпсіздік аймағына жақындап келе жатқан және Израиль әскерлеріне қауіп төндірген көлікке соққы бергенін мәлімдеді.

Набатиядағы «Наджде» ауруханасы қызметкерлерінің айтуынша, жарылыс жергілікті тұрғындар үшін атысты тоқтату күшіне енгеннен бері салыстырмалы түрде қауіпсіз деп саналатын аймақта болған. Алайда олар Израиль тарапынан дрон шабуылдары атысты тоқтатуға дейінгі кезеңге қарағанда айтарлықтай сирек болса да, жалғасып жатқанын атап өтті.

Израиль шекара бойында құрған шамамен 10 шақырымдық «қауіпсіздік аймағында» әскерін ұстап, елдің солтүстік аймақтарын «Хезболла» шабуылдарынан қорғау қажет екенін алға тартты.

Ливан билігі Израиль әскерлерінің өз аумағында болуын мемлекеттік егемендікті бұзу деп санайды. АҚШ пен Катардың делдалдығымен, Иранның қатысуымен жүргізілген келіссөздерден кейін Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату маусым айының соңында күшіне енді.

Әскери қақтығыс қарқынының төмендеуіне қарамастан, екі тарап бір-бірін атысты тоқтатуды бұзды деп үнемі айыптап келеді.