Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысу үшін елордаға келген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына және делегация жетекшілеріне ілтипат білдірді.
Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалық етуі және ұйымның Астанада өтетін форумы биылғы ең ірі саяси оқиғалардың бірі ретінде қарастырылады. Ол өңірлік экономикалық интеграцияның алдағы кезеңдегі басымдықтарын айқындамақ.
Еске сала кетейік, бүгін таңертең Мемлекет басшысы елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді қарсы алды. Қазақстан мен Ресей президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Одан соң БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады.
Жоспарға сай, Ертең Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.