Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян Тәуелсіздік сарайына келді. Мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Айта кетейік, кеше елордада V Еуразиялық экономикалық форумы өтті.
Бұл жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар келді.
Еске сала кетейік, кеше таңертең ҚР Президенті елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді қарсы алды. Қазақстан мен Ресей президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Одан соң БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады.