Ливия дағдарысы келіссөз арқылы бейбіт жолмен шешілуі керек - ҚХР СІМ

БЕЙЖІҢ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Ливия дағдарысында күш қолдануға нарызылық білдіреді, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған кешегі қарардың мазмұнына қатысты біздің бірқатар сын-ескертуіміз бар. Қытай сыртқы саясат ведомствосы осындай мәлімдеме жасады.

"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ливияға қатысты қабылдаған №1973 қарарында Қытай келіспейтін баптар бар", - деп мәлім етті жұма күні ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цзян Юй.

Қытайдың ұстанымынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі халықаралық заңдар мен ережелерге сәйкес қатаң әрекет етуі, Ливияның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын құрметтеуі керек. Цзян Юй ханым, Қытайдың қарарға қарсы дауыс бергенін, бірақ араб елдері мен Африка одағының алаңдаушылығы мен ұстанымдарын, сондай-ақ Ливиядағы қазіргі ерекше жағдайды ескере отырып, вето құқығын пайдаланбағанын түсіндірді.

«Қытай, БҰҰ Бас хатшысы арнайы өкілінің, сондай-ақ Араб мемлекеттері лигасы мен Африка одағының Ливия дағдарысын бейбіт жолмен реттеуге бағытталған күш-жігерлерін жалғастыруды қолдайды. Ливиядағы жағдай тез тұрақтанады, қарулы қақтығыстардың және гуманитарлық дағдарыстың әрі қарай ушығуына жол берілмейді деген үміттеміз», - деді ҚХР СІМ ресми өкілі.