Ливияда су тасқынынан қаза тапқан тағы 64 адамның мәйіті табылды
Ливияда су тасқынынан мерт болған тағы 64 адамның денесі табылды. Бұл туралы Ливия Ұлттық бірлік үкіметі мәлім етті. ҚазАқпарат бұл туралы Анадолы-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«Кейінгі 48 сағатта тағы 64 адамның мәйіті табылды. Осы кезеңде тасқыннан зардап шеккен аудандардағы 714 науқасқа медициналық көмек көрсетілді», – деді үкіметтік Жедел медициналық көмек және қолдау орталығының өкілі Мұхаммед Каблан.
10 қыркүйекте Ливияның солтүстік-шығысына «Даниэль» атауы берілген қуатты циклоны төнгенін жазған болатынбыз. Ол Жерорта теңізі жағалауында орналасқан қалаларға дауыл мен нөсер жауын алып келді. Алғашқыда 3 мың адамның қазасы туралы хабарланды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Ливияда 4 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ливияның 8 500-ден астам азаматы әлі де із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында тұр.