Ливияда су тасқыны болды: 2 мыңнан астам адам көз жұмған болуы мүмкін
Ливия шығысының вице-премьері Усама Хаммадтың мәлімдеуінше, су тасқыны 2 мыңнан астам адамның өмірін қиған болуы мүмкін. Мыңдаған адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жерорта теңізінің Ливия аумағының жағалауында қатты жауын мен найзағай болып, оның артынан «Даниэль» циклоны туындады. Циклон соңы ауқымды су тасқынына ұласты. Әсіресе Дерна қаласы зардап шекті, онда дауылдан екі дамба бұзылып, салдарынан қалаға 33 млн текше метр су ағылды. Су тұрғын кварталдардың бір бөлігін толығымен басып қалып, екінші бөлігі құрлықтан ажырап қалды. Қалада жарық пен коммуникация жоқ, онда құтқарушылар жете алмай отыр.
Қызыл жарты ай қоғамы болып жатқан оқиғаны қасірет деп атады.
Су тасқыны елдің онсыз да ауыр жағдайын күрделендіріп жіберді. 2011 жылы Каддафи режимі құлатылғаннан кейін билікке екі үкімет таласып жатыр: бірі – шығыста, екіншісі – батыста. Ал жергілікті халық кедейшілікте күн кешуде.