Дипломаттарды ұрлаған топ аталмыш басылымға елшілік қызметкерлерін Мысырдың Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің талап етуімен босатуға шешім қабылдағандары туралы жеткізді. Дипломаттарды босатуды бұдан бұрын Ливия билігі де сұраған болатын.
Адам ұрлаушылар бұл әрекеттері арқылы Мысырда құрықталған аса ықпалды дала командирі, ливиялық Шаабан Хадейді 24 сағат ішінде босатып алуды көздеген еді. Олардың талаптары орындалған жоқ.
Ливияда төрт мысырлық дипломаттың ұрланғаны туралы 25 қаңтар күні белгілі болған. Бұл қылмыстан бір күн бұрын Мысырдың Триполидегі елшілігінің тағы бір қызметкері ұрланған болатын. Осы оқиғалардан соң Каир өзінің дипломатиялық өкілдерін Ливиядан алып кете бастаған.