Ливияда жаңа мұнай кен орны табылды

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ливияның ұлттық мұнай корпорациясы елдің оңтүстік-батысындағы Гадамес бассейні аймағында жаңа мұнай және газ кен орнын тапқаны туралы хабарлады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Компанияның мәліметінше, ұңғыма 8440 фут тереңдікте бұрғыланған. Алдын ала болжам бойынша күнделікті газ өндіру көлемі шамамен 13 млн текше футты, ал Уинат Ванин және Уинат Каза қабаттарынан конденсат өндірісі 327 баррельді құрайды.

Гадамес бассейні Ливия, Алжир және Тунис шекаралық аймағында, Триполиден шамамен 600–620 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол көмірсутек қорының молдығына байланысты Солтүстік Африканың ең ірі мұнай-газ аймақтарының бірі.

Ливияның негізгі табыс көзі - мұнай мен газ экспорты. Алайда соңғы жылдары өндіріс бірнеше рет қақтығыстар мен саяси тұрақсыздыққа байланысты бұзылған.

Еске салайық, былтыр канадалық энергетикалық компания Балтық теңізінде ірі көмірсутек қоры бар кен орнын анықтаған еді.