Ливиядағы әскери лагерьде болған жарылыстан 7 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ливияның батысындағы әз-Зауия қаласында орналасқан әскери лагерьде болған жарылыстан 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды Report .

Фото: Report

Порталдың мәліметінше, жарылыс әл-Харша ауданындағы «Радар» әскери лагерінде жаттығу кезінде болған.

Қаза тапқандар қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы күрес қызметінің басшысы Мұхаммед Бахрунға бағынатын қарулы құрылымдардың құрамында болған.

Жараланғандардың арасында Бахрунның бақылауындағы түрмелерге жауапты адам да бар. Куәгерлердің айтуынша, ол ауыр жарақат алған.

Триполиден батысқа қарай орналасқан әз-Зауия қаласында елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты мен мұнай порты бар.

Соңғы уақытта қала аумақ пен ықпал үшін бәсекелесетін қарулы топтар арасындағы қақтығыстардың алаңына айналды. Соның салдарынан жолдар жабылып, инфрақұрылым нысандарының жұмысы бұзылған.

Айта кетейік, Афинаның туристік ауданындағы Зевс ғибадатханасының маңында жарылыс болды.