«Локомотив» ФК Бас жаттықтырушысы қақпашы Д. Лорияға елордалық команданың жейдесін табыстады

АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада «Локомотив» футбол командасының Бас жаттықтырушысы Сергей Юран қақпашы Давид Лорияға елордалық команданың жейдесін табыстады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Д.Лория жыл басында Ресейге ауысып, Нальчиктің «Спартак» клубымен келісімшарт жасасқан болатын. Ол ұжымда  тек екі матч қана өткізді («Зенит» пен «Кубаньге» қарсы).

 Кілең мықтыларды өз қатарына ала бастаған елордалық «Локомотив» Қазақстан құрамасының бас қақпашысына бірден көз тіккен болатын.

 Баспасөз мәслихатында «Локомотив» клубы бас директорының орынбасары Юрий Хеннің атап көрсеткеніндей, жыл басынан бері «Локомотив» Нальчиктің «Спартак» клубымен және Д.Лорияның өзімен келіссөздер жасап келген. «Ұзақ  келіссөздерден кейін, менеджерлер Д.Лорияны футбол маусымының соңына дейін жалға алу жөніндегі ымыраға қол жеткізді. Екінші маусымда Д.Лория Астананың және команданың намысын қорғайтындай болу үшін, өз клубымызға тарту жөніндегі жұмыстарды бастаймыз», деді ол.

 «Давид - кәсіби футболшы. Ол чемпиондық додада командаға өзінің үлкен көмегін тигізетініне сенемін», дейді С.Юран.

 Ал Д.Лория, «команда менен күтетін ойын көрсетуге тырысамын. Сондай-ақ клубтың биік көрсеткіштерге жетуіне бар күшімді саламын», деді.

 Еске сала кетейік, клубтың маңызды кездесуі былтырғы жылдың чемпионы «Ақтөбе» ұжымымен өтеді. Бұл матчтың уақыты ақтөбеліктердің Чемпиондар лигасына қатысуына байланысты белгісіз мерзімге шегерілді.