Ломбард қаржысын талан-таражға салған екі бойжеткен 240 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ломбардтың екі қызметкері ақшалай қаражатты иемденiп алғандары үшін сотталды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Степногорск қалалық соты сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алғандары үшін жергілікті екі тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта екі қыздың ломбардта эксперт-бақылаушы болып жұмыс істеп, зергерлік бұйымдарды кепілдікке салмай, туыстарына  және таныстарына  жалған кепілдік билеттерін рәсімдеп, ақшалай қаражатты өздері жұмсағаны анықталған.

«Сот үкімімен ломбардтың екі қызметкері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 2-бөлігінің 1, 3 тармақтарымен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен,  адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекет») қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау орнатылды. Сонымен қатар,  сотталушылар жергілікті атқарушылық органдарымен айқындаған орындарда бір жылда 240 сағатқа  мәжбүрлеп еңбекке тартылды», деп көрсетілген хабарламада.