Ломбард тонаушысы астаналықтар демалысының шырқын бұзды - куәгер (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тонаушы түскен ломбард маңында тұратын Астана тұрғындарының бірі ондағы жағдайды айтып берді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан хабарлады.

«Ауданды қоршап тастады, ешкімді ешқайда жібермейді. Полиция жұмыс істеп жатыр. Бізге өте қиын болды, ешқайда шыға алмадық, қанша жоспарымыз бар еді. Оянғанда бүкіл ауданды қоршап тастапты, көршілеріме хабарласқанда, ломбардты тонап жатыр деді. Осылай үйде отырмыз. Жағдайды терезден бақылап отырмыз», - деді ол. 

Айта кетейік, бүгін Кенесары көшесінде «Спутник» дүкені ауданында орналасқан М-Ломбардты тонауға әрекет жасалды. Ішке басып кіру кезінде дабыл тетігі іске қосылып, есік автоматты түрде құлыпталып, іште күдікті және екі ломбард қызметкерлері қамалып қалды.

Келіссөздерден кейін тонаушы бір қызметкерді босатты.

Сондай-ақ баспасөз қызметі бұл лаңкестікпен байланысты емес, қатардағы тонау оқиғасы екенін атап өтті.