Лондон-2012: Г.Манюрова ширек финалға шықты

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында боз кілемге көтерілген Гузель Манюрова 1/8 финалдағы белдесуін жеңіспен аяқтады.

Біздің спортшыға қарсылас атанған жапондық Кийоке Хамагучи  барынша тегеуірінділік танытты. Алғашқы кезеңді Гузель 5:1 есебімен басымдық танытқанымен, екінші кезеңде палуандар бір-бірін ала алмады. Ал қорытынды кезеңде барын салған палуанымыз 10:2 есебімен басымдық танытты.

Саранск қаласында 1978 жылы дүниеге келген Г.Манюрова - бұрын Ресей намысын қорғаған белгілі спортшы. Көптеген жарыстарда атой салған, соның ішінде Еуропа чемпионы, Афиныда өткен 2004 жылғы олимпиаданың күміс жүлдегері, 2010 жылы Үндістанда еркін күрестен өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған, Азияның үш дүркін чемпионы. Лондон Олимпиадасының жолдамасын 2011 жылы Ыстамбұлда өткен Әлем чемпионатында ұтқан болатын. 

2010 жылдың 1 сәуірінен БҚО олимпиада резервтерін даярлау орталығында жаттығып жүрген Гузель 72 келі салмақта күреседі.