Лондон-2012: С.Сәпиев пен А.Замковой финал жолдамасы үшін жұдырықтасады

None
АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - ХХХ жазғы Олимпиада ойындары бокс турнирінің жартылай финалында Серік Сәпиев пен ресейлік Андрей Замковой кездеседі.

69 келі салмақ санатында жұдырықтасатын  бұл боксшылардың шаршы алаңдағы айқасулары бірінші емес. Есте болса, олар 2009 жылы Миланда өткен Әлем чемпионатында кездесіп, Замковой Серіктен басым түскен еді. Ал ағымдағы біздің боксшы Алматыда өткен турнирде сол жолғы есесін қайтарып, 14:4 есебімен басымдық танытқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, С.Сәпиев 1/8 финалда жапондық Ясухиро Сузукиді, ал ширек финалда венесуэлалық боксшы  Габриел Маэстрені айқын басымдықпен ұтты.

Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 11 жыл бойы боксты жанына серік еткен 28 жастағы Серік екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.