Дүбірлі додада еліміздің намысын 60 кг салмақ дәрежесінде жалғыз ғана Саида Хасенова қорғайды. Шаршы алаңда атой салып, ерлерге тән қайсарлығымен танылып жүрген қазақ қызы енді төртжылдықтың басты бәсекесінде лайықты өнер көрсету үшін күн-түн демей жаттығуда. 25 жасар алматылық боксшы қыз - халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері. Бүгінде С. Хасенова «Бейжің-2008» Олимпиадасының чемпионы - Бақыт Сәрсекбаевтің жеке бапкері - Кәрім Махмұдовтың қол астында жаттығуда.
ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі бапкер Кәрім Рахманұлымен хабарласып, Саида жайында сұхбат құрған болатын.
К. Махмұдовтың айтуынша, Саида оның баптауында жастайынан бері жаттығуда.
«Саида - өте жігерлі, қайраты мол қайсар қыз. Оның Олимпиада ойындарында жасындай жарқылдасам деген үкілі үміті бар. Ол менің жетекшілігіммен Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанды. Ел біріншілігіне 8 жыл қатысқан ол, алғашқы екі жарысында 2-орындарға ие болып жүрді. Одан кейін тек алтын алып отырды. Ол алғашқы Қазақстан чемпиондығын 70 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алды. Сосын 66 кг салмақта өнер көрсетті. Бұдан кейін тағы салмақ тастап, 64 кг салмақта еліміздің үш дүркін чемпионы болды. Бірақ әйелдер боксы тек үш олимпиадалық салмақта: 51, 60 және 75 кг өтеді деп жарияланды. Соған байланысты Саида тағыда «салмақ қуып» 60 кг жетті. Осы қажырлылығымен ол өзінің бар тілегі Олимпиада ойындары кезінде шаршы алаңнан көріну екендігін дәлелдеді. Содан бері ол 60 кг салмақ дәрежесінде қатыса жүріп, екі рет Қазақстан чемпиондығын жеңіп алды. 2010 жылы Саиданы Азия ойындарына қатыстырдық. Онда спортшымыз 64 кг салмаққа дейінгі дәрежеде 3-орын иеленді. Биыл Азия біріншілігін ұтып, Лондон-2012 лицензиясын қоржынға салып отыр», - дейді бапкер.
Оның айтуынша, қазақтың боксшы қызы алдына қойған мақсатынан танбайтын, рухы берік адам.
«Мен Саиданың ерік-жігерін, төзімділігін ерекше атап өтер едім. Шыдамдылық таныту оңай емес. Салмақ қуып, кейін чемпион атану - кез келген спортшының қолынан келе бермейтін іс. Боксшыларда екі аламан бар: оның бірі - салмақпен күрес, екіншісі - қарсыласпен күрес. Саидаға бапкерлер тарапынан үлкен үміт артылды. Ол біз қойған міндетті абыроймен атқарып, Лондон Олимпиадасының жолдамасын ұтты. Ендігі міндет - Олимпиада медалі. Кезінде мен Бақыт Сәрсекбаевқа да бірінші Олимпиадаға жолдама алу, сосын Әлем чемпионы атағын жеңіп алу міндетін қойған болатынмын. Бірініші міндетті ол орындады, екіншісін Олимпиадада жүзеге асырды», - дейді К. Махмұдов.
Лондонда Саиданың салмағында 12 боксшы өнер көрсетпек. Оның 6-уы әлемге өз мықтылықтарын дәлелдеп үлгерген дүлдүлдер. Олардың қатарында әлемнің бес дүркін чемпионы ирландиялық, екі дүркін әлем чемпионы ресейлік боксшы мен әлемнің үш дүркін жеңімпазы бразилиялық спортшы бар.
Соған байланысты жерлесіміз еліміздегі жаттығу алаңдарында шеберлігін қайрап жүр. Қарсыластарының ұрыс жүргізу тәсілдерін де бейнетаспадан қарап, шаршыдағы бәсекелестерін бағамдауда.
«Олимпиадаға дейін Саида тек жаттығу өткізеді. Ешқандай додаларға қатыспайды. Олимпиада басталуына екі ай ғана қалды. Оған тынығып, өз әлеуетін жақсартып алу қажет. Жалпы, бокстың ережелері ұлдарға да, қыздарға да ортақ. Дегенмен, қыздарды жаттықтырудың аздап қиыншылығы мен ерекшелігі бар», - деп атап өтті бапкер.
Әңгіме барысында, С. Хасенованың шаршы алаңдағы мәнері Олимпиада чемпионы Б. Сәрсекбаевтікіне ұқсай ма деген сауал қойдық. Жаттықтырушы жауабын көп күттірген жоқ: «Әрине ұқсайды! Бапкері бір ғой!», - деді күліп... Бапкердің бұл жауабы көңілдегі үміт отын одан да қатты лаулата түсті.
Лондон Олимпиадасының алауы жанатын күн де жақындап қалды. Бұрын жуан жұдырықты жігіттеріміз қазақтың үкілеген басты үміттері болатын. Қазақстан боксшылары Олимпиада ойындарынан алтынсыз оралған емес. Енді бұдан былай бокс десе, ішкен асын жерге қоятын халқымыз шаршы алаңда шиыршық атқан қазақ қыздарын жоғары тұғырлардан көретіндігіне сенімді болайық!