Контейнерлік пойыз Лондонның «DP World London Gateway» терминалынан Қытайдың ірі логистикалық орталығы Иу қаласына жіберілді. Пойыз бағыты Ла-Манш астындағы туннель арқылы, Франция, Бельгия, Германия, Польша, Беларусь, Ресей, Қазақстан жерінен өтіп, Қытайға жетті.
«Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымының мүмкіндіктері арқылы жүк жөнелтушілер жеткізілім уақытын 2 есе қысқартатын мультимодальды тізбек құра алады. Теңіз арқылы жүк тасымалдау шамамен 36-38 күнді алады», - деді «KTZ Express» АҚ атқарушы директоры Карл Гейссен.
Гейссен Қытай мен Еуропа арасында жүретін пойыздардың сауда-экономикалық байланыстарды нығайтатынын, Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Батыс Еуропа арасындағы құрлық көліктерін дамыту үшін платформа мен мүмкіндіктер туғызатынын, мұның «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Бір белдеу - бір жол» бастамасын жүзеге асыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Еске сала кетсек, биыл қаңтар айының ортасында Лондонға тұтыну тауарлары тиелген Қытайдың алғашқы жүк пойызы жетті. Енді британдық тауарлар тиелген 32 контейнер 12 мың шақырымнан асатын жолды 20 күннен аз уақытта жүріп өтті.