Лондон марафонында кениялық желаяқтар алдарына жан салдырмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кениялық спортшы Уилсон Кипсанг тағы да Лондон марафонында жеңіске жетті. Әлемдік рекордтың иегері 42 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 4 минут 29 секунд ішінде жүгіріп өтті.

Оның отандасы Стэнли Бивотт екінші орыннан көрінсе, ал Эфиопиядан келген Тсегайе Кебеде мәрені үшінші болып кесіп өтті. Әйелдер арасындағы жарыстарда да дәл осындай көрсеткіштер. Кениялық Эдна және Флоренс Киплагат есімді қос спортшылар бірінші мен екінші орынды иеленсе, үшінші тұғырдан эфиопиялық Тирунеш Дибаба көрінді. Сонымен қатар бұл жарысқа Кенния президентінің зайыбы Маргарет Кениятта да қатысты. Ол жинаған қаржының барлығы балалар өлімімен күреске негізделген қайырымдылық ұйымына бағытталмақ. Жалпы Лондон марафонына 36 мың адам қатысты, деп жазады ВВС .