Лондон мэрі Ұлыбритания премьер-министрінен көп жалақы алады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания астанасының мэрі Садик Ханның жалақысы 5281 фунт стерлингке (шамамен 3,8 млн теңге) артты. Осылайша оның жылдық табысы 165 001 фунт стерлингтен 170 282 фунт стерлингке дейін өсті, деп хабарлайды The Standart.
Жаңа жалақы Үлкен Лондон әкімшілігінің сайтында мэрдің ресми өмірбаяны және лауазымдық міндеттерінің сипаттамасында жарияланған.
Осылайша, оның Лондон мэрі ретіндегі табысы Ұлыбритания премьер-министрінің қазіргі жалақысынан 1000 фунт стерлингке артық.
Мэр жалақысының 3,2%-ға артуы жергілікті мемлекеттік органдардағы еңбекақы деңгейін қайта қараумен байланысты, бұл тетік ел бойынша барлық муниципалдық қызметкерге қатысты. Бұл шешім тәуелсіз комиссияның ұсынысы бойынша қабылданды.
- Өткен жылы өткізілген тәуелсіз қайта қараудан кейін Лондон мэриясында мэр және Лондон ассамблеясы мүшелерінің бүкіл өкілеттік мерзіміне жыл сайынғы жалақысының өсуін анықтайтын бірыңғай жүйе бар, - деп атап өтті мэрдің баспасөз хатшысы.
Бұған дейін Қырғызстандағы орташа жалақы мөлшері анықталғанын жазған болатынбыз.