Лондон метросында жарылыс болды
20:45, 26 Қыркүйек 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондон метросының Tower Hill стансасында кішігірім жарылыс болды. Бұл жайлы 26 қыркүйек, сейсенбі күні Sputnik International хабарлады. Мәлім болғандай, жолаушылардың бірінің сөмкесіндегі ұялы телефонды қуаттауға арналған құрылғы қызып кеткен. Айналада болған адамдар арасынан қатты зардап шеккендер жоқ, алайда жолаушылар дүрбелеңге түскен.
Полиция метро жолаушыларын стансадан қауіпсіз аймаққа көшіру туралы шешім қабылдаған. Бірақ құқық қорғау органдары болған оқиға лаңкестік акті ретінде қарастырылып отырмағанын мәлім етті.
Еске салсақ, 15 қыркүйек күні Лондонның батысында орналасқан Parsons Green метро стансасында жарылыс болды. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, бомба пойыз вагонында қалдырылып кеткен пакеттегі шелек ішінде болған. Жарылыс салдарынан 22 адам дене және күйік жарақаттарын алды. Британ билігі оқиғаны лаңкестік акті деп атады. Шабуыл үшін жауапкершілікті ДАИШ лаңкестік тобы (Қазақстан мен өзге елдер аумағында тыйым салынған) өз мойнына алды.