ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: Тұманды Альбионда семсерлесуден үш спортшыға үміт артып отырмыз

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың басты оқиғасы - Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы олимпиадасы ойындарының басталуына 46  күн қалды.

 «ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы семсерлесуден ұлттық құраманың мүшелері жайында мәліметтерді айтпақпыз.

 Жазғы Олипиада ойындарында семсерлесу алғаш рет Афиныда 1896 жылы пайда болды және осыдан кейін бұл спорт түрі барлық ойындарда қамтыла бастады. Алғашында жарыстар тек ерлер арасында өтіп жүрді. Кейіннен, яғни 1924 жылы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында әйелдер арасында да семсерлесуден тартыстар басталды. Бұл спорт түрінен наградалардың 10 жиынтығы сарапқа салынады.

 Сонымен, Тұманды Альбиондағы айтулы додадаға семсерлесуден Қазақстан намысын үш спортшы қорғайтын болады.  Олар: Элмир Әлімжанов пен Дмитрий Алексанин және Юлия Живица.

   Элмир Әлімжанов - ол ұлттық команданың көшбасшысы. Элмир 1986 жылы 5 қазанда Алматыда дүниеге келген. Оның ата-анасы баласының осы спорт түрін түрін таңдағанын қалаған екен. Олимпиадалық жолдаманы ол Эстонияда өткен Әлем кубогі кезеңінде үшінші орынды еншілеп, қажетті ұпай санын жинағанда жеңіп алды. Бас жаттықтырушы Вилор Михайлович Дьяококиннің айтуынша, Элмир алдына қойылған мақсаттарды жүз пайызға орындады.

  «Жыл басында біз төрт олимпиадалық жолдаманы иеленуді көздеген едік. Осы тұрғыда Элмир өзін мақсатты спортшы ретінде көрсете алды. Ол өте көп дайындалып, жаттығып жүрді. Жаңа кезеңді жақсы көрсеткіштермен бастауға Элмир қауқарлы болды.  Әлем кубогі кезеңдерінде, Азия чемпионатында, сондай-ақ 2011 жылдағы Әлем чемпионатындағы сайыстардағы тартыстары Элмирге Олимпиадаға аяқ басуға өту балын жинауға мүмкіндік берді. Ол өте мақсатты, табандылық таныта алатын қабілетті спортшы. Сондықтан да ол өзінің мақсатын 100 пайызға орындай алды», - деді жаттықтырушы.

Дмитрий Алексанинге тоқталатын болсақ, ол өткен жылы жасөспірімдер арасында жарысқа шығып жүрген болатын. Алматылық Дмитрий қазіргі кезде 19 жаста. Он жасында оған бірінші жаттықтырушысы Валерий Димов семсерді сыйға тартқан екен. Бүгінде ол өз өмірінде бұл спортты маңызды деп санайды. Дмитрий Париждегі Әлем кубогінің  кезеңінде «А» санатындағы жеке сайыстарда қола медальді иеленіп, Олимпиада ойындарына жолдаманы қамтамасыз етті. Команда жаттықтырушысының сөзінше, Дмитрий талантты спортшы және жеңіс жолында мүмкіндіктері зор.

  «Семсерлесетіндердің жүйесіне тоқталатын болсақ, біз белгілі бір ұпай санын Әлем чемпионатында, Азия чемпионатында, Әлем кубогі кезеңдерінде жинаймыз. Өту ұпайын жинаған спортшылар Олипиадаға баруға мүмкіндік алады. Мен осы орайда Дмитрийдің  жас спортшы ретінде Олимпиада ойындарына қатысуы үлкен жетістік деп айтар едім», -деді В. Дьяококин.

  Лондондағы айтулы сайысқа семсерлесуден баратындардың үштігіндегі Юлия Жевица 22 жаста. Ол  Азия чемпионы атанған және 2010 жылдағы Азия ойындарының қола жүлдегері. Олимпиадалық жолдамаға Юлия Жапонияда өткен біліктілік турнирінде жеңімпаз атанып, қол жеткізді.

  «Ол әр турнирге тыңғылықты дайындалады. Осы дайындықтардың арқасында ол Жапонияда лайықты деңгейде сайысқа түсе алды. Атап айтқанда, осында бірінші орынды иеленіп, Лондонға баратындардың сапына қосылды. Юлия өте жас спортшы және оның спорттық белестерді алуға мүмкіндіктері зор. Біз оның Олимпиадада лайықты деңгейде өнер көрсететініне үміттіміз», -деді  Бас жаттықтырушы.

 Сонымен, осы спорт түрінен Тұманды Альбионда сынға түсетіндерге Қазақстан халқы үлкен сенім артып отыр. Олимпиададағы әр жеңісіміз еліміздің мәртебесін арттыра түсетіні хақ. Атап айтқанда, «ҚазАқпарат» агенттігі біздің спортшыларға айтулы жеңістер, Олимпиадалық сында Қазақстан туын желбіретуге бар күш-жігерін салуға қауқарлы болсын деп тілейді.