Бұл туралы «Айқын» газеті 22 мамыр күнгі санында жазды.
«Ондай құрметке Нұрмахан лайық. Грек-рим күресі бойынша ол бүгінгі таңдағы белді балуандардың бірі. Аса ауыр салмақта күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы 2010 және 2011 жылғы әлем чемпионатында қол медальді мойнына ілді. Осыдан екі жыл бұрын Гуанжоуда өткен Азия ойындарында алтын тұғырға табаны тиді. Тінәлиев қандай жарысқа қатысса да үнемі ел сенімін ақтап жүр. Сол себепті де нар тұлғалы жігітімізге осындай маңызды миссия сеніп тапсырылды», - делінген мақалада.
Балуанның өзі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Ермахан ағам сияқты елге алтын медаль сыйлауға бар күш-жігерімді саламын», - деп ағынан жарылды.
Естеріңізге сала кетейік, даңқты боксшымыз 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының ашылу рәсімінде мемлекеттік туымызды ұстап шығып, ақырында чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын.
Басылымның жазуынша, бұл ақпаратты Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі әлі растаған жоқ. Десек те, осы маңызды іс Нұрмахан Тінәлиевке сеніп тапсырылатынына күмән жоқ.