Сейсенбі күні Шотландия парламентінің депутаттары 72 дауыс қарсы 55 дауыспен Лондон билігіне екінші референдум ұйымдастыруға келісім беру туралы үндеу жолдауды мақұлдады.
Алайда Ұлыбритания үкіметінің ресми өкілі министрлер кабинеті Шотландияның Біріккен Корольдік құрамынан шығуын да, жаңа дауыс беру өткізуді де қолдамайтынын мәлімдеді.
Даунинг-стриттің пікірінше, Шотландия билігінің негізгі міндеті — экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту болуы тиіс.
— Халық биліктен шын мәнінде маңызды мәселелерге — экономикалық өсімге, өмір сүру деңгейін көтеруге және мемлекеттік қызмет сапасына назар аударуды күтеді. Күн тәртібінің өзегінде қоғамды бөлетін бастамалар емес, нақты нәтижелер тұруы керек, — деді британ үкіметі өкілдері.
Лондон тарапы 2014 жылғы референдум алдында дауыс беру идеясын Шотландия мен бүкіл Ұлыбританиядағы жетекші саяси күштер мен қоғамдық институттар қолдағанын еске салды. Ал қазір мұндай ортақ келісім жоқ екені айтылды.
Парламенттегі талқылау кезінде Шотландияның бірінші министрі әрі Шотландия ұлттық партиясы жетекшісі Джон Суинни өңір тұрғындары өздерінің саяси болашағын өздері шешуі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, Шотландияның Ұлыбританиямен одағы тек ерікті негізде ғана сақталуы мүмкін.
Суинни сондай-ақ жаңа референдум өтсе, халықтың басым бөлігі тәуелсіздікті қолдайтынына сенім білдірді.
Шотландиядағы тәуелсіздік мәселесі соңғы уақытта парламентте тәуелсіздікті жақтайтын күштердің ықпалы күшейгеннен кейін қайта күн тәртібіне шықты. Бұған қоса, Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуы да пікірталасты күшейтті, себебі Шотландия тұрғындарының едәуір бөлігі Brexit шешімін қолдамаған болатын.
Шотландияның тәуелсіздігі туралы алғашқы референдум 2014 жылы өткен еді. Сол кезде дауыс берушілердің шамамен 55 пайызы өңірдің Біріккен Корольдік құрамында қалуын қолдаған.
Айта кетейік, тәуелсіздік мәселесіне қатысты пікірталас Шотландия ұлттық партиясы төңірегіндегі жанжал аясында өршіп отыр. Партияның бұрынғы атқарушы директоры, экс-премьер Никола Стердженнің бұрынғы жұбайы Питер Мюррелл партия қаражатынан 400 мың фунт стерлингтен астам қаржыны жымқырғанын мойындады. Тергеу мәліметінше, бұл қаражаттың бір бөлігі тәуелсіздік жөніндегі екінші референдум өткізу науқаны үшін жиналған. Ақша қымбат сағаттар, кофе машиналары және автокөлік үйі секілді сән-салтанат заттарына жұмсалған. Ал Никола Стерджен бұрынғы күйеуінің әрекеттерінен бейхабар болғанын айтып, өзін де «адастырғанын» мәлімдеді.