Лондонда адамның көз жасы сатылып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбритания астанасы Лондон қаласындағы сауда орталықтарының бірінде көз жасынан жасалған тұз еркін саудаға салынып жатыр. Сатушылардың сөзіне қарағанда, көз жасынан тұз алу үшін сұйықтықты буландыру әдісімен дайындаған екен. Өнімнің бірнеше сорты да бар: күлкінің көз жасы, пияздың көз жасы, түшкірік көз жасы, тіпті ашудың да көз жасы бар.

Ал британдық басылымдар сатушылардың бұл әрекетін жарнамалық әдістің біріне балап отыр. Олар сатқан көз жасының бағасы да арзан емес: кішкене бір құты үшін 30 фунт төлеуіңіз (шамамен 7500 теңге) керек.

Осыған дейін Ирвиндегі Калифорния университетінің мамандары екі бірдей жаңалық ашқандығы жөнінде хабарланған еді. Олар адамның көз жасында бактерияларға қарсы қасиеті бар ақуыздың біраз мөлшері бар екендігін анықтады. Сондай-ақ ракпен күресу жолында осы әдісті пайдаланатын технологияны да ойлап тапты.

Алайда бәрінен бұрын көз жасында антисептик-ақуыздардың бар екендігін алғаш болып тапқан Нобель сыйлығының иегері Александр Флеминг болды. Ол 1922 жылдың өзінде лизоцимдердің бактерияларға қарсы күре алатын қасиетінің бар екендігін айтып кеткен екен. Дегенмен сол кезде ешкім де лизоцимдердің қауіпті бактерияларды қалай жоя алатынын толық түсіндіре алмаған, деп жазады massaget.kz.