Лондонда Батыс Еуропадағы ең биік «Шард» ғимаратының қарау алаңы ашылды

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның астанасында Батыс Еуропадағы аспанмен таласқан ең биік «Шард» ғимаратының қарау алаңы ашылды. Айта кетейік, ғимараттың биіктігі 309,6 метрді құрайды, оның қарау алаңынан қаланың 360 градустық панорамасы көрінеді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Қарау алаңына шығу үшін билеттің құны ересектерге 24,95 фунтты (39 доллар), балалар үшін 18,95 фунтты (30 доллар) құрайды.

Бірегей ғимарат пирамида тектес салынған. Ол 11 мың шыны панельмен жабдықталған. Оның құрылысына 1,5 млрд. фунт (2,35 млрд. доллар) сомасында қаражат жұмсалды.

Ғимараттың бірінші қабатында шынымен көмкерілген зал бар, онда арнайы ағаштар мен экзотикалық көшеттер отырғызылды. Екінші қабатта сауда орталығы орналасқан. Үшінші қабаттан 28-ші қабатқа дейін кеңсе бөлмелері мен қысқы бақ, 31-33 қабаттарда мейрамханалар орналасқан. 34-52 қабаттарда 200 нөмерлік «Шангри Ла» қонақ-үйі бар. Ал 53 қабаттан 65-ші қабатқа дейін әрқайсысының құны 50 млн. фунтты (79 млн. доллар) құрайтын он жеке апартамент орын тепкен.