The Daily Telegraph бұл туралы 2010 жылғы мәліметтерді келтірген.
Статистика басқармасының мәліметтеріне сәйкес 2010 жылы Лондонда 86111 сәбидің дүниеге келгені тіркелген. Олардың 64,7 пайызының бір немесе екі ата-анасы да Ұлыбритания тумасы емес. Астананың Вестминстер және Брент аудандарында иммигранттар балаларының үлесі 80 пайыздан асып кеткен. Ал ел астанасының шығысындағы Ньюхэм ауданында олардың үлесі тіпті 84,1 пайызға жетіп, рекордтық көрсеткішті құрап отыр.
Хейверинг (24,4 пайыз) және Бромли (33,3 пайыз) аудандарында иммигранттар отбасында туылған балалар саны төмен болғандығы тіркелді. Бүкіл Англия мен Уэльсте келімсектердің балалары бүкіл сәбилердің төрттен бірін құрап отыр.
Жарияланған мәліметтер консервативтік британдықтардың ашуын туғызды. MigrationWatch UK ұйымының жетекшісі және бұрынғы дипломат Эндрю Грин келімсектердің шамадан тыс көбеюінен «Лондон адам танымастай өзгерді» деп мәлім етті. Белсенділер иммигранттардың мұнша көбеюі олардың британдық қоғамға кірігуіне кедергі жасайды деп атап көрсетуде.