Лондонда Дүниежүзілік ядролық симпозиумда атомдық энергетиканың артықшылықтары талқыланды

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/ Kazinform

ЛОНДОН. KAZINFORM — Лондонда атом өнеркәсібінің көшбасшылары жиналып, баға жетпес идеяларымен бөлісті. 700-ге жуық сала маманы 3 күн бойы таза әрі тұрақты қуат көзінің бүгіні мен болашағын талқылап, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Көптеген мемлекет арзан әрі үздіксіз энергияға қол жеткізуді мақсат етеді. Өйткені ол ғаламшарды ластанудан сақтап, гүлденденуіне септігін тигізеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында айтылғандай, атом энергиясын пайдаланатын елдер парниктік газ шығарындыларын тез және тұрақты түрде азайтып отыра алады.

«Әлемнің 199 елі климаттық өзгерістердің алдын алу үшін атом электр станцияларының керектігін мойындады. Қоршаған ортаны ластайтын парниктік газдардан құтылудың экономикалық тұрғыда тиімді жолы сол станцияларды салу. Дүние жүзі бойынша ядролық энергияға деген сұраныстың артқанын біз байқап отырмыз», — деді Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың бас директоры Сама Бильбао-и-Леон.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/ Kazinform

Ядролық энергияның таза ауадан да басқа берері көп. Дамыған мемлекеттерде ол экономикалық тұрғыда тиімділігін көрсетуде. Мәселен, Румынияда 2 ядролық реактор бар. Олар елдегі электр энергиясының шамамен 20 пайызын өндіріп отыр.

«Алдағы 10 жыл ішінде Румыния өз экономикасын декорбанизациялау мақсатында бұл көрсеткішті екі есеге дейін ұлғайтпақ. Жобаларымызды сәтті жүзеге асырып, тәжірибе жинақтаудың арқасында атом станциясының қуаттылығы және қауіпсіздігі жағынан біз жетекші елдердің біріне айналдық. Қажет болған жағдайда білімімізбен бөлісуге дайынбыз», — деді Nuclearelectrica компаниясының бас атқарушы директоры Космин Гита.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/ Kazinform

Ядролық электр станциялары бұрыннан бар немесе олардың құрылысымен енді айналысып жатқан мемлекеттер атом энергетикасының маңыздылығын толық мойындайды. Индустрия да өзінің даму жоспарын ілгерілетіп келеді. Шараға қатысушылардың арасында қазақстандық өкілдер де бар.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/ Kazinform

«Азаматтарымызды атомдық энергетикадан қорықпауға шақырғым келеді. Өйткені ол болашақтың кілті, қоршаған ортаны ластамайтын таза қуат көзі. Бүгінгі симпозиумға қатысқан мемлекеттердің барлығында атом электр станциялары бар. Олардың халқы арзан және тұрақты энергетиканың рахатын көріп жатыр», — деді «Төр Алтай NuclearConsulting» ЖШС бас серіктесі Аманжол Елемесов.

Атом саласындағы ең ірі симпозиум жыл сайын ұйымдастарылады. Биыл ол 44 елден келген 700-ге жуық Дүниежүзілік ядролық қауымдастық мүшесінің басын қосты. Атап айтқанда уранды өндіру, конверсиялау, байыту бойынша сала мамандары, ядролық инжиниринг және реактор тасымалдау компанияларының өкілдері, ғалымдар және үкімет мүшелері қатысты.