Митинг бір минут үнсіздікпен басталды. Одан кейін қатысушылар майшам жағып, ұлттық картина галереясы баспалдақтарына қойды.
Сөз алғандардың басым бөлігі «ынтымақтастықты» жиі ауызға алған.
Лондон мэрі Садик Хан лаңкестің қолынан мерт болған жандардың аты-жөндерін атады. Олар - полиция қызметкері Кит Палмер, британдық әйел Аиша Фрейд және америкалық Курт Кохран.
Еске сала кетсек, 22 наурыз күні тапа-тал түсте, жергілікті уақытпен 14:40-та автомобиль рулінде болған ер адам әдейі Вестминстер көпіріндегі тротуарға шығып кетіп жүргіншілерді таптап өткен. Одан кейін британ парламенті ғимаратына қарай бұрып, Вестминстер сарайының қоршауына соғылған. Артынша машинадан атып шығып, қарусыз полицейге пышақ ала ұмтылған. Қарулы полиция жасағы қаскөйді атып өлтірді.
Лондондағы парламент ғимаратына шабуылдан үш адам қаза тауып, кем дегенде 40 бейкүнә жан жараланған, олардың жетеуі ауыр жағдайда.