Лондонда лаңкестік әрекет дайындады деген күдікке ілінген ирандықтар қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Британдық лаңкестікпен күрес қызметкерлері Лондондағы аты аталмаған нысанда лаңкестік әрекет жасамақ болды деген күдікке ілінген бірнеше ирандықты қамауға алды. Мұны жексенбі күні қалалық полицейлер растады, деп хабарлайды Еuronews.
Қамауға алу сенбі күні Англияның әртүрлі бөліктерінде болды. 29 бен 46 жас аралығындағы бес ер адам «лаңкестік әрекетті дайындады» деген күдікке ілініп қамалды.
Ұсталғандардың төртеуі – Иран азаматтары, бесіншісінің жеке басы мен азаматтығы әлі анықталу үстінде.
Бесеуінен де қазіргі кезде полиция бөлімшелерінде жауап алынып жатыр және оларға ресми айып тағылған жоқ. Тергеушілер сонымен қатар Лондон, Манчестер және Суиндон қалаларындағы мекенжайларды тінту жүргізіп жатыр.
Билік болжамды қастандық белгілі бір нысанаға бағытталғанын мәлімдеді, оның орналасқан жері «операциялық себептермен» жарияланған жоқ.
Лаңкестікке қарсы қолбасшылыққа жетекшілік етіп отырған Доминик Мерфидің айтуынша, полиция болжамды жоспардың астарлы себебін және халыққа қандай да бір қауіп төніп бар-жоғын әлі де анықтауға тырысып отыр.
Полиция сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерге қатысты басқа тергеу аясында Лондонда 39, 44 және 55 жастағы тағы үш ирандықтың қамауға алынғанын хабарлады.
Ұлыбританияның ішкі істер министрі Иветт Купер қамауға алуды қауіпсіздік мәселелері жағдайында қырағы болу керектігін еске салады деп атады. Оның айтуынша, бұл «ұлттық қауіпсіздік қатерлеріне жауап беруді бейімдеудің тұрақты қажеттілігін көрсететін күрделі оқиғалар».
Ол сондай-ақ «Үкімет полициямен және барлау қызметтерімен елдің қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті барлық әрекеттер мен қауіпсіздікті бағалауды қолдау үшін жұмысты жалғастырып жатқанын» қосып өтті.
Негізгі істе Иранмен тікелей байланыс орнатылмағанымен, MI5 ішкі қауіпсіздік агенттігі Тегеранмен байланысы бар тұлғалар немесе операциялар қаупінің күшеюі туралы ескертті.