Лондонда ластанған ауадан жылына 9,5 мың адам өмірімен қош айтысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда жыл сайын ластанған түтінді ауадан 9,5 мың адам өмірімен қош айтысады, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Қаланың көлікті бақылау қызметі тапсырысымен зерттеу жүргізген Королева колледжінің мамандары осындай қорытынды шығарып отыр. Ғалымдар Британия астанасындағы улы ауаның құрамында ультрадисперстік тозаң және азоттың қос тотығы (NO2) басым деп санайды.

Лондон ауасындағы азоттың қос тотығының көптігі соншалық соңғы бес жылда белгіленген еуропалық нормативтерден асып кеткен.

2015 жылы нормативтегі NO2 лимиті жылдың алғашқы 4 күнінде бітіп қалған. Қала ауасының қаншалықты ластанғанын осыдан ғана көруге болады. Улы заттың 80 пайызы ауаға көліктер таратады екен.

Бір қызығы, 1956 жылы Ұлыбританияда «Таза ауа туралы» заң қабылданған, онда залалды отынды жағуға тыйым салынған. Өйткені осыдан 4 жыл бұрын 1952 жылы британия астанасын улы түтін басып, 12 мың адам көз жұмған. Антициклон салдарынан түтін қала үстінен кетпей жайылып, қала 5 күн бойы улы «бұлттың» зардабын тартқан.

Елдің үкіметі осы оқиғадан кейін арнайы заң қабылдап, қаланың кей аудандарында камин пештеріне тыйым салып, ауаны тазарту бойынша кешенді шараларды қолға алды.