Лондонда шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жүр

Лондонда шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жатыр. Олардың ұлттық дәстүрлерімізге деген қызығушылығы да ерекше, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Қазақстанның елшілігіне жиналған нәзікжанды қауым — Лондондағы шетелдік дипломаттардың әйелдері.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Исландия, Катар, Пәкістан, Малайзия және басқа да мемлекет өкілдері ұлы Абай тілін үйренгісі келеді. Сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұратын қазақ тілін бір мезетте меңгеру мүмкін емес екендігін олар мойындайды. Бірақ алғашқы қадамдарын жасап үлгерді.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Сәлеметсіз бе? Қалайсыз? Мен жақсымын. Бүгін осындай қазақ сөздерін үйрендім. Сәлемдесуден бөлек мұғалімнен қазақтың ұлттық тағамдары қалай аталатынын білдім», — дейді Пәкістанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы Сара Наим.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Мұғалімнің есімі — Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы 11-де. Қаршадай қыз ата-анасының қызмет бабымен Лондонда уақытша тұрып жатыр.

Оқудан қолы қалт еткенде шетелдіктерге қазақ тілін үйретеді. Үстінде ұлттық киім, басында сәукеле, қос бұрымының түбінде шашбау. Сабақтарын әнмен әрлеп, бимен көркемдейді.

Бұдан бөлек шетелдіктерге қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі шәй ішу рәсімі көрсетілді. Келін образындағы елшілік қызметкері шәйді қалай демдеуден бастап, қандай көлемде құю керектігі туралы ақпарат берді.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Дастарханда ұлттық тағамдардың түр-түрі тұр. Құрт, ірімшік, тары, жентті бұрын-соңды жеп көрмеген қонақтар дәміне дән риза.

«Шәй құю рәсімі өте қызық өтті, мен үшін үлкен жаңалық болды. Мәдениеттеріңіз өте бай екен. Бүгін шағын бір бөлігі ғана көрсетілді деп ойлаймын», - дейді Малайзияның Жоғары комиссарының жұбайы Нор Айни Абдул Рахман.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Ұлттық құндылықтарыңыз туралы біліп, рухани сусындадық. Абысындардың татулығы, жаңадан келін түскенде берілетін шәй — бәрі-бәрі біз үшін қызық болды. Шәй құйғанда кеселерді шатастырып алмау да үлкен өнер деп білемін», — дейді Катардың Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы Рая Әлхалифа.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

Шара барысында қазақ әйелдерінің отбасындағы ғана емес қоғамдағы рөлі туралы да айтылды. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді, деді ұйымдастырушылар.

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform

«Қазіргі қазақ әйелінің бейнесі өз ошағының берекесін келтіріп, жолдасын сүйіп, балаларын тәрбиелеумен қатар белгілі бір салада жұмыс атқарып, қоғамына пайда әкелетін тұлға ретінде көрінеді. Біз сол туралы айтқымыз келді», — дейді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісінің жұбайы Ақмарал Айдарбекова.

Шара елшіліктегі нәзікжанды қызметкерлердің күшімен өткізілді.

Дастарханды да жайды, концерттік бағдарламаны да өздері ұйымдастырды. Музыкалық аспаптарда ойнап, ән салды, мың бұрала би биледі. 

Фото: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform